Мазмұны

Назарбаев Университетінің ғылыми тобы физикадан әлемдік жаңалық ашты

Ғалымдар профессор Зинетула Инсеповтың (АҚШ, Назарбаев Университетінің халықаралық деңгейдегі Якорлік жобасының жетекшісі), профессор Құрбанғали Тыныштықбаевтың (Қазақстан, Назарбаев Университетінің халықаралық деңгейдегі Якорлік жобасының қызметкері), доктор Евгений Емелинның, доктор Олег Кононенконың және профессор Дмитрий Рощупкиннің (Ресей, РҒА Микроэлектроника мәселелері институты), сондай-ақ доктор Қанат Байғариннің (Қазақстан, Назарбаев Университеті Президентінің кеңесшісі) ашқан ғылыми жаңалықтары микро және наноэлектроникада заманауи перспективалы материал – графенді пайдаланудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Графен бүгінгі таңда әлемдегі ең берік, жұқа және ең жеңіл электр өткізгіш материал болып табылады. Жуырда америкалық ғалымдар Арканзас Университетінде (АҚШ) графеннің перспективада іс жүзінде шексіз энергия көзіне айналып энергетикада төңкеріс жасауға қабілетті екенін анықтады.

Сенсациялық зерттеу нәтижелері барынша аз энергетикалық шығындармен жоғары жиіліктегі акустикалық сигналдарды графенмен күшейту мүмкіндігін көрсетіп берді. Осы жаңалықты растаған Ресей Ғылым академиясының В. А. Котельников атындағы Радиотехника және электроника институт және Ресей Ғылым академиясының Физика-технологиялық институты өз сараптамалық қорытындыларын берді. Өз кезегінде, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясы, Ғылыми жаңалықтар мен өнертабыс авторларының Халықаралық академиясы және Ғылыми жаңалықтар авторлары Халықаралық қауымдастығы құрамында авторларға ғылыми жаңалығын ашқаны туралы ресми куәлік және Нобель сыйлығының лауреаты Петр Капица атындағы медальді табыс етті.

– Осы ашылған ғылыми жаңалықтан туындайтын практикалық әзірлемелер қорғаныс өнеркәсібінде, медицинада, ұлттық қауіпсіздікте, ғарыш байланысында, мысалы, Дүниежүзілік Интернет құру үшін қызмет істейтін халықаралық компаниялар үшін елеулі құндылық болып табылады. Осы ашылған жаңалықтың нәтижелерін коммерцияландыру нәтижелеріне зияткерлік құқықтар әзірге Назарбаев Университетіне тиесілі емес. Біз инвесторлармен жаңа аспапты коммерцияландыру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізудеміз, – деп хабарлады жаңалықтың бірлескен авторы, профессор Зинетула Инсепов.

Тәжірибе барысында Назарбаев Университетінің ғалымдары электр энергиясын механикалық энергияға айналдыруға қабілетті материал – пьезокристалдың бетіне графеннің үлдірін салды. Сонымен бір уақытта графенге тұрақты ток көзінің әсері берілді. Зертханалық тәжірибе барысында бұған дейін ғылымға белгісіз құбылыс эксперименталды түрде тіркелді сондай-ақ теориялық үлгісі әзірленді: пьезокристалл бетінде жоғары жиіліктегі электр тогынан туындаған, әрі тұрақты токпен күшейтілген акустикалық қума толқындар амплитудасының шектеусіз күшеюі орын алды. Бұл ретте, акустикалық толқындардың энергиясы бастапқы акустикалық сигналдан әлде қайда қуатты болды.

“Surface acoustic wave amplification by direct current-voltage supplied to grapheme film” мақаласында зерттеу алғаш рет 2015 жылы американың «Applied Physics Letters» белгілі ғылыми журналында жарияланды. Назарбаев Университетінде ашылған жаңалықтың көптеген салаларда қолданылуына байланысты, жаңа әсерге әлемнің көптеген ғалымдары бірден қызығушылық білдіріп отыр.

Сурет дереккөзі Medium.com
Жаналыққа қатысты мақалалар:
[1] Z. Insepov, E. Emelin, O. Kononenko, D. V. Roshchupkin, K. B. Tnyshtykbayev, and K. A. Baigarin. Surface acoustic wave amplification by direct current-voltage supplied to graphene film, Appl. Phys. Lett. 106, 023505:1-5 (2015).
[2] D. Roshchupkin, L. Ortega, I. Zizak, O. Plotitcyna, V. Matveev, O. Kononenko, E. Emelin, A. Erko, K. Tynyshtykbayev, D. Irzhak, and Z. Insepov. Surface acoustic wave propagation in graphene film, Journ. Appl. Phys. 118, 104901 (2015).
[3] E. Emelin, H.D. Cho, Z. Insepov, J.C. Lee, T.W. Kang, G. Panin, D. Roshchupkin, K. Tynyshtykbayev. SEM imaging of acoustically stimulated charge transport in solids,Appl. Phys. Lett. 110, 264103 (2017).

Табысты стартапшының 5 негізгі аспектілері

«Стартап ” сөзі нені білдіреді? Стартаптардың дәстүрлі түсініктегі бизнестен айырмашылығы неде? Өзіңнің “шағын стартабыңды”іске қосу оңай ма?

Бүгін бізде қонақта Astana Business Campus Бизнес-инкубаторының жобалық әкімшісі Шыңғыс Айтжанов. Стартап – қозғалысы Марк Цукербергтен бе әлде Илон Маск Hyperloop бойынша жұмысқа кіріскеннен кейін басталды ма ол жағын айту қиын. Нақты белгілі бір нәрсе, стратаптар – бұл инновациялар, бұл қажет, бұл әрдайым өзекті. Қазір біз бизнес пен ғылым бөлінісінде, кәсіпкерлік пен инновациялар арасында тұрған тылсым әлемнің есігін жайлап ашуға тырысамыз.

Стартап деген не?

-Бұның не екенін бір рет және біржолата талдайық. Стартап – қайталанатын және кеңейе түсетін бизнес-моделді іздеу үшін құрылған уақытша ұйым.

“Уақытша ұйым”. Әрбір стартаптың мақсаты-компанияға айналу. Табысты стартап-компаниялардың көпшілігінің оқ бойы алға озып, үлкен компанияға айналғанға дейін бірнеше жыл бойғы сәтсіздік тәжірибесі бар.

“…іздеу үшін құрылған..”. Стартаптар нарықта жаңа жоба немесе қызмет жасайды және нарыққа қалай шығу керектігі әрдайым түсінікті бола бермейді. Сіздің клиентіңіз кім екені және осы клиент үшін сату арналарын қалай жолға қою керектігі әрдайым айқын бола бермейді.

“…қайталанатын және кеңейе түсетін…”. Сіздің стартап ұсынатын қызмет немесе өнім жеке компаниялар/тұлғалар үшін жеке шешімдерді әзірлеу арқылы жобаларды ұсынатын дәстүрлі компанияларға қарағанда сіздің стартап барлық клиенттерге арналған шешімге сай болуы тиіс. Бұдан басқа, стартаптар әдетте нарықтың нақты шеңберлерімен (қала, ел, өңір және т.б.) шектелуі тиіс емес.

“…бизнес-моделдер”. Стартап ұсынған шешім үшін кім төлейді? Клиент шешім үшін қалай төлейді? Стартап Клиентті қалай табады? Стартап үшін Бизнес-модель олардың әрбірін тексеру қажет болатын ұсыныстар жиыны болып табылады.

Табысты стартапшы болу үшін не істеу керек?

-Мен бірнеше негізгі сәттерді бөліп көрсеткен болар едім:

1. NETWORK

Қазақстанда “бәрін шешетін байланыс” деген пікір қалыптасқан. Мүмкін, менімен келіспейтіндер де бар шығар, алайда стартап үшін пайдалы таныстық өте маңызды болып табылады. Танысу маңызды және мүмкіндігінше көп болғаны дұрыс, өйткені визиткалар арасында кім кездесетінін ешкім білмейді: клиент, серіктес, инвестор, жай ғана фанат немесе бренд-эмбэсадор (brand ambassador) ма?! Стартаптарға, кәсіпкерлікке, инновацияларға арналған іс-шараларға барыңыз. Көптеген адамдармен танысыңыз, идеялармен алмасыңыз, сұраңыз, біліңіз. Сонымен қатар, әрбір адам қысқа уақыт ішінде жұмыс орнын, тұрғылықты жерін ауыстыра алады, өз бизнесін аша алады, сондықтан да байланысты да қолдау қажет. Astana Business Campus барлық жерде қызықты адамдармен танысуға, пікірлестерді табуға, өз идеяларымен бөлісуге және кері байланыс алуға болатын ивенталар өткізеді. Мысалы, 9-10 мамырда басталатын Hakathon (Хакатон), Markethon (Маркетон), индустрияның технологиялық міндеттерін шешу үшін әртүрлі идеялар конкурстары, бір аптадан кейін іске қосылатын ABC Incubation стартап жобаларын инкубациялау бағдарламалары және жақында аяқталған ABC Quick Start акселерациясы.

2. IDEA

Кейде тамаша стартапқа айналдыруға болатын идеялар төңіректе толып жатқан сияқты болып көрінеді. Бірақ, тақырыпты зерттей бастағанда бұның бұған дейін ойлап табылғанымен немесе осындай шешім тек жуырда Indiegogo-да немесе Kickstarter-де іске қосылғанымен бетпе-бет келесің. Технологиялар мен инновациялардағы трендтерді қадағалап отыру қажет. Telegram – арналарға, әлеуметтік желілердегі инновациялық кәсіпкерлік ардагерлеріне жазылыңыз, инновациялар бойынша онлайн-курстар алыңыз және, әрине, жаңалықтарды қадағалаңыз. Екінші жағынан, идеялар жеке мәселелерге арналған шешімдер сияқты келуі мүмкін. Сіз өз ісіңізде кәсіпқой болғаннан кейін, сіз шешуге қажетті проблемалардың толық тізбесімен бірге қандай да бір қызмет саласының толық көрінісі пайда болады. Міне, тап осы арада, кейінгіні бір шолып, әріптестеріңіз, курстастарыңыз, жақындарыңыз қандай проблемалармен бетпе-бет келетініне ой жүгірту керек. Мүмкін, сіз бәріне арналған креативті және ерекше шешім ойлап табарсыз.

3. TEAM

Барлық жұмысты бір өзің жүргізу өте қиын. Бұл мүмкін, бірақ көп уақыт алады. Стартаптар тез дамуы керек, себебі бәсекелестер босқа қарап жатпайды. Сондықтан да тылда және барлық майдандарда өнімнің дамуын қолдайтын жақсы команда немесе dream-team, әр стартаптың маңызды элементі болып табылады. Команда мүшелері арасында “химияның” болуы, олардың дағдылары мен құзыреттіліктері қосылған жиынтықта мүмкін емес нәрселер жасайды. Есіңізде болсын, сіздің балалық шақтағы достарыңыз стартап үшін әрдайым тамаша серіктес бола бермейді. Команданы тек құзыреті бойынша ғана емес, қарым-қатынас жасау қабілеті мен сипаты тұрғысынан да таңдау қажет.

4. SKILLS

Егер сіз медицинада жаңа шешім ұсынатын стартап ашқыңыз келсе, сіз медицина саласындағы сараптамалар мен тәжірибеге ие болуыңыз керек, ал егер сіз студенттерге оқуға көмектесетін қосымшаны “қиыстыруды” қаласаңыз, сіз ең кем дегенде бағдарлама тілін білетін студенттің өзі болуыңыз керек. Бұған қоса, оған сіздің шешіміңіз негізделген технологияларды білу жеткіліксіз. Стартап – бұл тек инновациялар ғана емес, кәсіпкерлік пен бизнес. Сондықтан нақты нарық қалай жұмыс істейтіні туралы базалық білім болмайынша ең жақсы дегенде патентпен, ең жаманы прототиптеу тәжірибесін алумен ғана шектелуге болады. Стартапқа арналған дағдылар, тамаша команданың болуы сияқты, барлық бәсекелестерді артқа тастап, жылдам әрі ұшқыр ауқымданып шапшаң дамуға көмектеседі.

5. PERSISTENCE

Егер сіз команда жинасаңыз, сіздің шешіміңіз нарыққа қажет екенін түсінсеңіз, негізгі серіктестерді анықтап, өз клиентіңізді қайдан және қалай табуға болатынын білсеңіз, онда ең қиын мәселе – табандылық пен табысқа деген сенімді іске қосу қалады. Стартаптардың барлық команда үшін ғана емес, жалпы нарық үшін де жаңа нәрсе екенін, ал жаңаның әрдайым қиындықпен қабылданатынын түсіну маңызды.Стартап күн сайын осы жерде және тап қазір шешілуі тиіс жаңа проблемаларға тап болады. Екінші жағынан, ыңғайлы сәтті күтіп, рухты ұстай білу маңызды. Байқауларға, стартап-уикендтерге, хакатондарға және осындай іс-шараларға барынша белсенді қатысу қажет. Осылайша сіз өзіңіздің стартаптың бағыты дұрыс екендігін түсінесіз және кері байланыс алу мүмкіндігіне ие боласыз.

Сайыстарға қатысыңыз және ABC Incubation стартап-жобаларын бизнес-инкубациялау бағдарламасына өтінім беріңіз, осы жылға идеялар мен жобалар үшін өтінімдер жиыны жабық, дегенмен таланттарды жинақтау процесі жалғасуда және сіз осы сілтеме бойынша өтіп тіркеле аласыз http://nuris.nu.edu.kz/abcinc2019 ескерту.

Дағдылар мен құзыреттіліктер vs білім

Назарбаев Университетінің Мансап және кәсіптік бағдар беру орталығының директоры Евгения Ким бұл жерде оның негізі қаланған 2012 жылдан бастап жұмыс істейді. Орталықтың негізгі міндеті-студенттермен бірге олардың мансаптық дамуын қамтамасыз ету, студенттер мен түлектерге кәсіби өсуге байланысты мәселелер бойынша кеңес беру. Евгениямен болған сұхбатты сайтымызда ұсынып отырмыз .

– Баршаға белгілі, университеттің білім беру жүйесінің мектеп жүйесінен ерекшелігі студенттің дербес болуын көздейді. Университетте барлығы “балық аулауды үйретіп, қолына ау ұстату» дегендей студенттерге даму мүмкіндігін беруге бағдарланған. Студенттер осы мүмкіндіктерді қаншалықты табысты пайдалана алады – ол өздеріне байланысты.

Біз жалпы білім базасы тұрақты өсіп отыратын әлемде өмір сүреміз, яғни күн сайын ғылым, индустрия немесе бизнес салаларының кез келгенінде жаңа деректер мен білім пайда болады. Бұл талап етілуі бойынша дағдыларды меңгеруді бірінші орынға қояды. Олардың арасында Дүниежүзілік экономикалық форумның есебіне сәйкес талдау дағдылар мен инновациялылық, кешенді шешімдер таба білу, сыни ойлау, белсенді білім беру және тұтастай алғанда білім алу дағдыларына ие болу. Атап айтқанда, Орталық осыны өзінің негізгі міндеті деп біледі, ол оны мектептермен, университет кітапханасымен, ғылыми орталықтармен бірлесіп іске асыруға ұмтылады. Біз студенттер мен түлектерді кәсіби даму бағдарламаларының көмегімен (компания күндері, кәсіптер күндері, негізгі дағдылар бойынша семинарлар, симуляциялық әңгімелесулер, экскурсиялар) серіктестерімізбен бірлескен жұмысқа белсенді тартуға тырысамыз. Келесі академиялық жылдан бастап осы бағдарлама негізінде мансаптық жоспарлау бойынша курс ашуды жоспарлап отырмыз.

Ғылым жолы – менің таңдауым

Назарбаев Университетінде NURIS және Назарбаев Университетімен әріптестікте Жас ғалымдар альянсы ұйымдастырған «Ғылым жолы – менің таңдауым» атты I Жастар ғылыми форумы өтті. Форумға 200 жас ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, қазақстандық жоғары оқу орындарының, зерттеу институттарының, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік ведомстволардың өкілдері қатысты.

«Өткен жылы біз Назарбаев Университетінің қабырғасында жас зерттеушілердің ынтымақтастығы үшін платформа ретінде Альянсты таныстырдық. Бізге Қазақстан, Жапония, Франция, АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды жоғары оқу орындары мен ұйымдарынан 200 ғылыми қызметкер қосылды. Бір жыл ішінде біз жас ғалымдардың нетворкинг алаңына айналдық», – деді Жас ғалымдар альянсының төрайымы Әсия Ермұхамбетова.

Іс-шара Қазақстандағы жастар жылына орайластырылды. TEDx форматында спикерлер ғылыми және инновациялық қызметтегі жетістіктің өз тәжірибесімен бөлісіп, сондай-ақ зерттеу мәдениетін ынталандыру құралдары, пәнаралық диалогты дамыту үшін жағдай жасау және Қазақстанның жас ғалымдарын қолдау тәсілдері туралы әңгімеледі.

Жас ғалымдар альянсы туралы: Young Reseаrсhers Alliance, Назарбаев Университетінің жас ғалымдарының бастамасы бойынша 2018 жылы құрылған қоғамдық бірлестік. Қазіргі уақытта ұйымның мүшелері қазақстандық жоғары оқу орындарының, Қазақстан, Азия, Еуропа және Солтүстік Американың ғылыми ұйымдары мен университеттерінің 200 ғылыми қызметкерлері мен зерттеушілері болып табылады.

НУ HPAIR-2019 халықаралық Гарвард конференциясына дайындалуда

Өзгерістер құмарлығы – осы жылы Назарбаев Университетінің студенттері Сингапур, Жапония, Тайвань, Қытай, Индия жоғары оқу орындары арасында өтетін HPAIR-2019 Гарвард конференциясының тақырыбы осындай. Конференцияны ұйымдастыру комитетінің мүшелері жақында Гарвард университетіне (АҚШ) барып қайтты. Конференцияны ұйымдастыру комитетінде атап өткендей, алғашқы күннен бастап әлемнің көптеген елдерінен үміткерлер тарапынан белсенді түрде өтініш беру байқалуда.

Бұған дейін хабарланғандай, “Азия және халықаралық қатынастар бойынша Гарвард жобасы” (The Harvard College Project for Asian and International Relations / HPAIR) конференциясы Азия елдеріндегі Гарвард университетінің қолдауымен ірі студенттік конференция болып табылады. Іс-шара Тынық мұхиты аймағы мен Азия елдерінде маңызды экономикалық, саяси және әлеуметтік мәселелерді талқылау мақсатында студенттер мен жас мамандарға арналған пікірталас алаңы ретінде ұйымдастырылды. 1991 жылдан бастап HPAIR әлемнің 12 елінің жоғары оқу орындарында 32 000 қатысушы тарту арқылы өтті. Конференцияның өткен спикерлерінің арасында-елдердің көшбасшылары, белгілі ғалымдар мен Нобель лауреаттары, дипломаттар, халықаралық ұйымдардың басшылары бар.

HPAIR-2019 конференциясы Нұр-Сұлтан қаласында алты секцияда өтеді: өнер, медиа және мәдениет; әлеуметтік саясат және әділдік; басқару және геосаясат; ғылым және технологиялар; энергетика және экологиялық тұрақтылық; жаһандық нарықтар және экономика. Конференцияның күн тәртібін талқылаудан басқа, бес күндік іс-шара бағдарламасына мәдени іс-шаралар енгізілді. Бұл халықаралық карнавал, қазақ мәдениеті кеші, экскурсиялық іс-шаралар.

HPAIR-2019 ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Назарбаев Университетінің студенті Лейла Ахметова биылғы жылы Астана экономикалық форумының спикерімен шақырылды. 17 мамырда ол Қазақстандағы жастар мәселесі бойынша баяндама жасап, конференцияны ұйымдастыру тәжірибесімен бөліседі.

Гонконг студенттері Назарбаев Университетінде «Бір белдеу – бір жол» жобасының шеңберінде Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарын зерттеуде


Профессорлар мен студенттер Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебінің оқытушыларынан білім алып, семинарларға қатысып, жетекші қазақстандық компанияларға (ERG, AIFC, «Родина» агрофирмасы және т.б.) барып, олардың басшыларымен қарым-қатынас жасайды. Курстың соңында студенттер Қазақстанда не үйренгендері туралы курстық жұмысты тапсырулары және жергілікті компанияларға ұсыныстар берулері керек.

Қазақстанның «Бір белдеу – бір жол» жобасын жүзеге асыруда маңызды рөл атқаратынын Гонконг Сити Университетінің профессорлары атап өтті. Биылғы жылы Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу қазақстандық делегацияның құрамында Қытайдағы «Бір белдеу – бір жол» форумына қатысты.

Зигуанг Чен, Гонконг Сити Университетінің Ұйымдық мінез-құлық және персоналды басқару жөніндегі профессоры:

«Біз «Жаңа Жібек жолы» тақырыбын зерттеу үшін Қазақстанды кездейсоқ таңдаған жоқпыз, өйткені біздің Президентіміз Си Цзиньпин «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы жайында алғаш рет 2013 жылдың қыркүйек айында Назарбаев Университетінде жариялаған болатын. Сондықтан біз осы университетті таңдап алдық және тәжірибемен алмасу үшін студенттерімізді алып келдік».

Назарбаев Университеті түлектерінің V оқу бітіру рәсімі өтті

31 мамыр – 1 маусым күндері Назарбаев Университетінде мерейтойлық V оқу бітіру рәсімі өтті. 31 мамырда Назарбаев Зияткерлік мектептері, Назарбаев Университеті және Назарбаев Қоры Жоғары Қамқоршылық кеңесінің Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев рәсімге қатысып, түлектерге құттықтау сөз сөйледі, оларды оқуларын аяқтаумен құттықтады және үздік диплом алған түлектерге өз қолынан дипломдарды табыс етті.

Елбасы «NU – Назарбаев Университеті» брэнді әлемдік академиялық ортада ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік басқару, бизнес, медицина, инновация, ІТ-технология саласында кеңінен танымал болғанын белгіледі. Университет қысқа мерзім ішінде жоғары білікті кәсіби кадрлар дайындайтын, сондай-ақ отандық ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді дамытатын еліміздің беделді оқу орны ретінде қалыптасты. Білім ордасының басты активі – оның зияткерлік әлеуеті саналатын адамдар – оқытушылар, студенттер, басқарушы персонал. Қазақстанның Тұңғыш Президенті түлектерді еліміз бен қоғамымызды дамыту ісіне белсене атсалысуға шақырды.

Өз кезегінде Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу түлектерді қоғам дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік бар жолды өмірде таңдауға шақырды. “Сіз, 2019-түлектері, біздердің 2015-2018 алғашқы төрт бітірушілерден байқаған алғашқы ашушылардың рухына ие боласыз. Сізге рахмет!.. Еңбек нарығында, ғылымда немесе кейінгі оқуда қандай жолды таңдағаныңыз қандай болса да, біздің Университет сізді туындаған сын – қатерлерді табысты әрі тиімді шешуге мүмкіндік беретін дағдыларды дамыту және жақсарту үшін барлық құралдармен жабдықтады деп үміттенемін”, – деді өз сөзінде Президент Катсу. Ол сондай-ақ, өндірісті цифрландыру мен роботизациялауға байланысты еңбек нарығын қысқарту туралы көптеген болжамдарға қарамастан, оптимизмді жоғалтудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Ескірген кәсіптердің орнына жаңа мамандықтар келеді, көптеген болашақ мамандықтары әлі де беймәлім.

Іс-шараның екінші күні университет мектептерінде салтанатты рәсімдер өтті, онда қонақтар арасында түлектердің отбасылары да болды.

Қазіргі нарық жағдайындағы университет түлектерінің бәсекеге қабілеттілігі

Қадиша Нурдульдиновна, сіздің ойыңызша, ЖОО-ның бәсекеге қабілетті түлегі деген ұғым нені қамтиды?

ЖОО түлектерінің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілік мәселесі бүгінгі күні білім беру және мемлекеттік кадр саясаты саласындағы ең маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Бұл қазіргі әлемде өмірдің барлық салаларында қарқынды өзгерістер орын алуына байланысты, сондықтан қазіргі заманғы жағдайлар жастарға еңбек нарығындағы жаңа тәртіп ережелерін талап етеді, ЖОО ең алдымен түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруға көбірек көңіл бөледі. Бұған тек олардың дамуы мен маман ретінде қалыптасуы ғана емес, сонымен қатар елдің болашағы да, ертең қалай болатынымыз да байланысты. Елбасы Н. Назарбаев сөйлеген сөздерінің бірінде атап өткендей, «жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы, Қазақстанның болашағы сіздердің білімдеріңізге, күш-жігерлеріңіз бен патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Бүгінде тек мемлекеттердің ғана емес, сонымен қатар адам мен адамның бәсекелестігі жүріп жатыр. Мұнда ғылым мен білімнің мәртебесін көтеретін және артта қалмайтын креативті ұрпағы бар ел жеңеді”.

Бұл пікірмен келіспеу қиын. Біздің жастарымыз да өздерінің және елдің алдындағы жауапкершіліктерін түсінеді деп ойлаймын. Оған мен осы күндері өткен Назарбаев Университетінің бесінші оқу бітіру кезеңі түлектеріне қарап сенемін.

Жұмыс берушінің үміткерге қоятын талаптары жоғары болғандықтан, бүгінгі таңда оқу бітірушінің бәсекеге қабілеттілігі тек қана оның кәсіби біліктілігімен шектелмейді. Кәсіби білімімен қоса, коммуникативтік қабілеті жоғары болып, мақсатқа жетуге талпынысы, бейімділігі, дербестігі, белсенділігі, жылдам оқып үйренуі, шығармашылығы және сыни ойлау қабілеті, сондай-ақ үнемі өзін-өзі дамытуға ұмтылысы басым болуы тиіс. Сонымен қатар, түлектердің кәсіби біліктілігінен басқа, олардың ұжымда жұмыс істей білуі, өзінің достарына көмектесуі және қолдау көрсетуі, әлеуметтік жауапты болуы сияқты, адамдық, жеке қасиеттерінің болуына зор мән берілетінін ескерген абзал.

Бүгінде жоғары оқу орындарының міндеті – студенттерге жақсы білім беріп қана қоймай, сонымен қатар еңбек нарығында өсіп келе жатқан бәсекелестікке оның жылдам бейімделуі үшін қажет еңбек және кәсіби траекторияларының негізін қалау. Осы мәселенің маңыздылығын түсіне отырып, биыл біз 2019 жылы 6-7 маусымда Назарбаев университетінде өтетін Жоғары білім көшбасшыларының VIII жыл сайынғы Еуразиялық форумы аясында талқылауға осы маңызды тақырыпты енгіздік. Атап айтқанда, біз форумның “Болашаққа дайын түлектер” атты басты тақырыбы аясында қызықты сессиялар сериясын дайындадық.

Биыл форумда біз жоғары оқу орындарының студенттерді еңбек нарығының өзгермелі сипатына бейімдеп даярлау, сондай-ақ болашақ көшбасшылар мен жауапты азаматтардың әлеуетін дамыту мүмкіндігін талқылауды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні оқу орындарының алдында студенттердің бойына сіңіретін құндылықтарды арттыру міндеті тұр, бұл дегеніміз – тәжірибені интернационалдандыру, зерттеулерге қатысуға мүмкіндік беру, өмір бойы оқу, сондай-ақ жетекші компаниялармен сенімді әріптестік қарым-қатынас жасау. Осы және басқа да мәселелер форум сессиялары кезінде талқыланатын болады. Сессиялардың барысында білім беру, бизнес және үкіметтік ұйымдардың жетекшілері, ғылыми қызметкерлер мен жұмыс берушілер білім беру мекемелеріне жаңа сын-қатерлерді қалай жеңу керектігі туралы сұрақтарда өз тәжірибелерімен бөліседі.

Қазіргі еңбек нарығы жағдайында ЖОО түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қандай факторлар әсер етеді?

Мен бұл факторлардың жиынтығы деп айтар едім. Біріншіден, бұл – сапалы білім. Біз бұған басты назар аударамыз. Назарбаев университетінің стратегиялық даму моделі әлемнің үздік университеттерінің рейтингісінде тұрған жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестікке негізделген. Университеттің әрбір мектебі мен ғылыми орталығы әлемнің жетекші университеттерімен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастықта құрылған. Біздің университетте оқу ағылшын тілінде жүргізіледі. Біз дербестік және академиялық еркіндік принциптерін ұстанатын Қазақстанның алғашқы университеті болдық. Тиімді академиялық орта құру және елдің адам капиталын дамыту мақсатында университетке студенттерді оқыту үшін көптеген елдерден үздік халықаралық зерттеушілер шақырылды. Бүгінгі таңда университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен ғылыми қызметкерлері әлемнің 53 елінен келген 477 адамды құрайды (олардың ішінде 26% – ұлттық кадр).

Екіншіден, бұл – жеке дағдылар мен біліктілікті дамыту. Ең басынан бастап Назарбаев Университеті зерттеу үлгісіндегі халықаралық университет ретінде құрылған. Сондықтан ғылыми зерттеулерді жүргізу біздің университет қызметінің басымдылығы болып табылады, бұл студенттерге де қатысты. Оқу жүктемесінің көптігіне қарамастан, біздің студенттер өте белсенді. Қазір ресми тіркелген студенттер клубтарының саны 200-ден асады, олардың ішінде музыка, спорт, би, ғылым, пікірталас, қайырымдылық және басқа да қызығушылық бойынша көптеген клубтар бар.

Үшіншіден, бұл – еңбек нарығын білу және жұмысқа орналасу. Жоғары оқу орындарының түлектері еңбек нарығына жақсы бейімделгенде жұмыс берушілер, олардың талаптары, мансапты жоспарлау, жалдау үрдісі, бос жұмыс орындары, еңбек жағдайлары және т.б. мәселелер туралы ақпарат алулары тиіс. Олар түйіндемелерін сауатты толтырып, жұмыс берушімен сұхбаттасуға дайын болулары тиіс. Сонымен қатар, студенттер жұмысқа орналасу кезінде талап етілетін тәжірибе мен қажетті дағдыларға ие болуы үшін университетте арнайы құрылған Мансап және кәсіптік бағдарлау орталығы жұмыс істейді. Олар студенттермен тұрақты түрде жұмыс істейді, олардың тағылымдамадан өтуіне, симуляциялық сұхбат өткізуге, жұмыс берушілермен өзара қарым-қатынас жасауына көмектеседі.

Төртіншіден, өндірістік тәжірибе, тағылымдама, уақытша жұмысқа орналасу, волонтерлік қызмет немесе т.б. болсын, жұмыс тәжірибесі маңызды. Барлық осы факторлардың жиынтығы түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады және жұмысқа орналасу үрдісін тез әрі тиімді етеді.

Еңбек нарығында өсіп келе жатқан бәсекелестік жағдайында түлектерге оқудың ең басынан бастап жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, ол үшін не талап етілетіндігі туралы ойлану керек және, тиісінше, жұмысқа орналасудың барлық талап етілетін кезеңдерінен сәтті өтуге дайын болу керек.

Сіздің ойыңызша, НУ түлектері қандай бәсекелестік артықшылықтарға ие?

Университет өз түлектеріне сапалы білім берумен қатар, еңбек нарығындағы бәсекелестіктің басымдықтары болып табылатын кәсіби біліктіліктерін дамытуға, атап айтқанда, өздері оқып жатқан пән саласын терең және толық түсіну; ой зеректігі, білімге құмарлық, креативтілік және ой-өрісінің кеңдігі; алқалы түрде салмақты шешімдер қабылдай білу және жаңа мүмкіндіктер таба білу; іскерлік және дербестік; тіл мен мәдениет арасында мобильді және икемді делдал болу қабілеттерін дамытуға көп көңіл бөледі.

Сондай-ақ, өз елінің жауапкершілігі мол азаматы бола тұра, ой-санасының деңгейі жоғары, елдің дамуына үлес қосуға дайын, әлемнің мәдениетті және толерантты азаматы болу маңызды артықшылықтар екені белгілі. Біз осы қасиеттер мен дағдыларды студенттеріміздің бойына сіңіруге тырыстық. Бүгін мен олар – біздің үмітіміз және біздің үмітімізді олар ақтайды деп мақтанышпен айта аламын.

Бұған дәлел ретінде айтарым, Назарбаев Университетінің алдыңғы төрт оқу бітіру кезеңдерінің түлектері, олар 2500-ден астам студент, бүгінде қазақстандық және халықаралық компанияларда табысты жұмыс істеуде, өз бизнестерін ашып, стартаптарды іске асыруда (60%), сондай-ақ әлемнің көптеген университеттерінде (29%) өз оқуларын жалғастыруда. Бұл ретте, өткен жылдардағы түлектердің жартысынан астамы Қазақстанда (52%) жұмыс істейді және оқиды, қалғандары АҚШ (15%), Ұлыбританияда (6%), сондай-ақ Еуропа, Солтүстік Америка және Азияның басқа да елдерінде еңбек нарығында өз орнын тапты. Олардың арасында Google және Microsoft, APPLE сияқты жетекші IT-компанияларда, сондай-ақ Силикон алқабында жұмыс істейтін түлектер бар.

Бітірушілерге не тілейсіз?

Өз алдына жоғары өршіл мақсаттар қойып, оларға қол жеткізу, табанды еңбек ету, орнында тұрмау, үнемі өзін-өзі дамыту қажеттілігіне назар аудару, барлық бастамаларға сәттілік тілейміз!

Әрине, университетпен және достарымен байланысты жоғалтпаңыз. Біз әрқашан түлектеріміздің жетістіктеріне өте қуанамыз және оларды мақтан тұтамыз.

Назарбаев Университетіндегі Жоғары білім көшбасшыларының жыл сайынғы VIII Еуразиялық форумы

Бүгін Назарбаев Университетінде Жоғары білім көшбасшыларының жыл сайынғы VIII Еуразиялық форумы ашылды. Биылғы жылы ұйымдастырушылар “Болашақ талабына сай түлектер” атты Форумның басты тақырыбына байланысты қызықты сессиялар, пікірталастар мен семинарлар дайындады. Форумға 12 елден 300-ге жуық делегат қатысты. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мен Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу форумға қатысушылар алдында құттықтау сөз сөйледі.

Пленарлық сессияларда қатысушылар жоғары оқу орындарының студенттерді еңбек нарығының өзгермелі сипатына бейімдеп даярлау, сондай-ақ болашақ көшбасшылар мен жауапты азаматтардың әлеуетін дамыту мүмкіндігін талқылайды. Бүгінгі таңда оқу орындарының алдында студенттердің бойына сіңіретін құндылықтарды барынша арттыру міндеті тұр, бұл дегеніміз – оқу тәжірибесін интернационалдандыру, зерттеулер мен оқытуға өмір бойы қатысуға мүмкіндік беру, сондай-ақ жетекші білім беру мекемелерімен сенімді әріптестік қарым-қатынас жасау. Іс-шара аясында Форум спикерлерімен пікірталас және сұхбат ұйымдастырылды.

“Бүгін біз өзгермелі, күтпеген, күрделі және бір мәнді емес әлемде өмір сүреміз. Біз цифрлық прогресс, компьютерлік технологияларды дамыту, жасанды интеллект, big data дәуірінде өмір сүреміз. Жасанды интеллект жүйесі бір жағынан адам ресурстарын ауыстыратын дәуірде, бірақ екінші жағынан жаңа мамандықтар үшін қажеттілік туғызады. Әлем өзгеріп жатыр, сондықтан бізге, жоғары оқу орындарына, студенттерге біздің клиенттеріміз ретінде ұсынатын қызметтерді жақсарту үшін форум тақырыбында қойылған сұрақтарға жауаптарды анықтау маңызды”, – деп атап өтті Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу.

I Гендерлік форум Назарбаев Университетінде өз жұмысын бастады

Назарбаев Университетінде I Гендерлік форум өз жұмысын бастады. Биылғы іс-шараның тақырыбы “Орталық Азиядағы Гендерлік сын-қатерлер мен өзгерістер”. Форумға 100-ден астам ғалымдар, оқытушылар, қазақстандық және халықаралық ұйымдардың қызметкерлері қатысуда. Негізгі спикерлер арасында-доктор Со Янг Ким (So Young Kim), Корея озық технологиялар институтының (KAIST, Корея) Ғылым және технологиялық саясат Жоғары мектебінің басшысы және Доктор Гүлнара Ибраева – Орталық Азия журналисі, ғалым және гендерлік даму мәселелері бойынша халықаралық сарапшы.

“Бұл форум-Қазақстанда және одан тыс жерлерде гендер саласында жұмыс істейтін ғалымдар, практиктар мен институттар арасындағы диалогты бастаудың тамаша мүмкіндігі. Форумды біз алғаш рет өткізіп отырмыз, биыл 100-ге жуық қатысушымыз бар. Біз форумда гендерлік тақырыптың теориялық және практикалық аспектілерін толық көрсетуге ұмтылғанымызды атап көрсету керек. Мысалы, белсенді қатысушылардың бірі Назарбаев Университеті Медицина мектебінің профессорлары болып табылады, олар дәрігерлердің пациенттермен жұмыс істеу барысында қандай мәселелермен бетпе – бет келгенін, ал қазақстандық мектептердің өкілдері оқушылармен жұмыс жасауда қандай гендерлік аспектілер маңызды екенін талқылайды”, – деді Назарбаев Университеті Жоғары бизнес мектебінің қауымдастырылған профессоры Дженифер Льюис.

Форумның тақырыбы мансаптық мүмкіндіктердегі теңдік, қоғамдық тәртіп нормалары, саясаттағы әйелдер қатысуы, жастарға жыныстық білім беру, тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер кәсіпкерлігі, ЛГБТК-науқастармен медициналық практикадағы жұмыс, сыбайлас жемқорлықтың гендерлік аспектілері және т. б. мәселелерін қамтиды. Форумның екінші күні стейкхолдерлердің дөңгелек үстелі өтеді, онда білім беру саласының қызметкерлері, ғалымдар, ҮЕҰ мен ұйымдардың өкілдері өңірдегі гендерлік зерттеулерді іс жүзінде қолдануды талқылайды.

“Мен Назарбаев Университетіндегі әріптестеріммен бірге оқушылар ортасындағы гендерлік аспектілер бойынша ауқымды зерттеу жүргіземін. Мектеп оқушыларының ортасы мен тәжірибесін зерделеумен қатар, біз 7-8 сынып оқулықтарының қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мазмұнын талдадық. Ертең біз дөңгелек үстелде зерттеу нәтижелерімен бөлісеміз”,-деді Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің ассистент-профессоры Анна КоэнМиллер.

Форумның басты ұйымдастырушысы-бес жыл бойы Назарбаев Университетінде жұмыс жүргізіп жатқан Гендерлік ғалымдар консорциумы (GenCon).